Қытайдың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі Қазақстан аумағында автокеруен ұйымдастыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі Қазақстан аумағында автокеруен ұйымдастыруда

08.08.2015
Қытайдың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі Қазақстан аумағында автокеруен ұйымдастыруда

Қытайдың «Синьхуа» ақпараттық агенттігі «Жаңа Жібек жолы. Ұлы арман» мәдени-гуманитарлық ақпараттық жобасының шеңберінде Қазақстан, Ресей, Грузия, және Италия аумақтарында автокеруен ұйымдастыруда.

Жолға шыққан 21 журналист Ұлы Жібек жолындағы қалалардың назар аударарлық орындарын фото және бейнетаспаға түсіріп, лауазымды тұлғалар мен сарапшылардан сұхбат алуды жоспарлаған.

Қазақстан аумағына түркі елдері арқылы енген  агенттік тілшілері Алматы, Балқаш, Астананы кесіп өтіп, Тобыл өңіріне жетті. Қонақтар Қостанайдың шырайлы жерлерін аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды kostanaytany.kz.

«Қытай мен Қазақстан Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру жолында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Біздің еліміз Жібек жолы экономикалық белдігін құруды үйлестіре жылжытуға ниетті.

Қазақстан осы бағытта үлкен қолдау көрсетіп, қолға алынған істің барынша жылдам жүзеге асырылуына септігін тигізіп отыр.  Қытайлық тарап бұл фактіні жоғары бағалайды», - деді ақпарат агенттік қызметкері Ху Джиа.

Біздің анықтама:

«Синьхуа» - Қытайдағы ең ірі ақпарат агенттігі. 1931 жылы негізі қаланған бұқаралық ақпарат құралының орталығы Пекинде орналасқан. 9 тілде ақпарат таратады.

Агенттіктің Қытайда 31, әлем бойынша 170 бөлімі  бар. 

Хабарламаларға жазылу