Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Бюро отырысында «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің ынтымақты жұмысы арқасында сайлауалды тұғырнамасының 70 пайызы орындалғанын, басқа бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Парламенттегі фракцияның біз жүзеге асырып жатқан барлық бағдарламаларды заңнамалық тұрғыдан нығайтуды қамтамасыз етіп отыр.
Партия азаматтық қоғаммен кең ауқымды диалогты жолға қойды. Оның бастамасымен құрылған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы біздің қоғамды ұйыстыратын алаңға айналды, бұл жұмысты жалғастыру қажет.
Партияның қоғамдық қабылдаулары халықпен кері байланысты тиімді қамтамасыз етуде. Интернеттегі, соның ішінде алғаш рет енгізілген «электронды партия» арқылы жұмыс күшейді.
Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының жаңа бағдарламасының қабылдануымен бірге жастармен жұмыс жаңа сапалы деңгейге шықты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев біртіндеп орталықсыздандыру және өкілеттіктерді жергілікті жерлерге беру жағдайында партияның өңірлерді басқару тәжірибесі бар кадрларға зәрулігі арта түсетінін айтты.