Қазақстандық курсанттар АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясына аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық курсанттар АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясына аттанды

24.07.2015
Қазақстандық курсанттар АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясына аттанды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Әскери институтының тоғыз курсанты АҚШ Құрлық әскерлерінің Вест-Пойнт әскери академиясына аттанды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Қазіргі кезде олар жоғары оқу орнындағы академия курсанттарының күнделікті тыныс-тіршілігі, оқыту бағдарламасы, дене және жауынгерлік даярлығымен етене танысуда.

Мұндай сапар қорғаныс мекемелерінің ынтымақтастығы шеңберінде жыл сайын ұйымдастырылады. Осы жылдың маусымында Вест-Пойнттың тоғыз курсанты біздің Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болып қайтты.

Болашақ офицерлер үшін мұндай шара үлкен тәжірибе болып саналады. Олар әлемдік тәжірибені, әскери мамандарды оқыту және даярлаудың халықаралық бағдарламаларын зерделейді.

Таяу және алыс шетелдің әскери жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жасау - әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруде Қазақстан Қарулы Күштерін құру мен сапалы дамытуда ерекше рөл атқарады. 

Хабарламаларға жазылу