«Поэзия әлемі» хабарында - Маралтай Райымбекұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемі» хабарында - Маралтай Райымбекұлы

18.07.2015
«Поэзия әлемі» хабарында - Маралтай Райымбекұлы

«Оның бір өлеңі - бір спектакль сияқты». Бұл – Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің Маралтай Райымбекұлына берген бағасы.

«Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы тиіс. Мен де өлең өлкесіне біреуді жақсы көру арқылы келдім. Әр өлеңімнің өзіндік тарихы, тағдыры бар. Жүрегімді толқытпаған  дүниені жазған емеспін»,-дейді ақын.

Өзі айтпақшы, «Әлемге еркелегісі келіп тұратын» ақынның шығармашылығы  туралы толығырақ бүгін 13:45-те «Поэзия әлемі» хабарынан біле аласыздар.

Маралтай Райымбекұлы - 1969 жылы 1-мамырда дүниеге келген. Өлеңдері 1987 жылдан бастап, республикалық басылымдарда жариялана бастады. 1996 жылы «Жазушы» баспасынан «Ай-Нұр» атты тұңғыш кітабы, 1999 жылы «Ай» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

2007-2008 жылдары «Кентавр» газетінің бас редакторы, 2008-2012 жылдары қасиетті қарашаңырақ – Қазақ радиосында қызмет атқарған. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.

2008 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Кентавр» өлеңдер жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.

КҮЗ. АЛМАТЫ


Мен секілді сағына ма түсінде,

Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны,

Түсінгеннің бірге кетер ішінде

Алматының бір мұңы бар, бір мұңы!

 

Күрең шашын, алтын сары кірпігін,

Бауырыма басып дел-сал реңін,

Бірге жамап жүрегінің жыртығын

Көшесінде мең-зең болып жүремін.

 

Алматының аспанында бір мұң бар,

Кімдікі ол, соны білмей далмын мен.

О дүние мен бұ дүниелік тұрғындар,

Сенікі ме әлде Аллам – алды кең?!

   

Алматының көшесінде арман жүр,

Күз келгенін ертең құстар сездірер.

Сонда айтылар, ал әзірге

қалған жыр –

Соры қалың жүрегіңді ездірер...

Хабарламаларға жазылу