Қызылордада Жеңіс күніне орай тұрғындар соғыс даласында қаза тапқан боздақтарға тағзым етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Жеңіс күніне орай тұрғындар соғыс даласында қаза тапқан боздақтарға тағзым етті

10.05.2024

Қызылордада Жеңіс күніне орай тұрғындар соғыс даласында қаза тапқан боздақтарға тағзым етті. Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына - 79 жыл. Жеңіс мерекесінде аймақтағы күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының жеке құрамы тағзым алаңында сап түзеді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 80 мың адам аттанып, көбі ұрыс даласынан оралмаған. Арада қанша жыл өтсе де Отан үшін от пен оқтың ортасында жан алысып, жан беріскен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгінде майдангерлердің қатары сиреп, облыста көзі тірі 4 қана қарт жауынгер бар.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Биылғы жылы 4 майдангерімізге 2,5 млн теңге көлемінде 1 реттік әлеуметтік көмек төленуде. Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына теңестірілген 3843 ардагеріміз бар және басқа да ұрыс қимылдары болған жерлерде қаза тапқан жерлестерімізге тиісті әлеуметтік төлемдер көрсетілуде.

Мерекелік шарада сап түзеген әскерилер мен құқық қорғау органдарының жасағы салтанатты рәсіммен мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.

Сондай-ақ, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Соғыстың зардабынан еңбекке ерте араласып, майдан даласына азық жөнелтуге атсалысқан жандар үшін бұл мейрамның орны бөлек.

Райымбек Шоқатаев, тыл ардагері:

Әкем ағасы інісімен үшеуі кетті соғысқа. Біз колхоздың жұмысына кірістік. Біз бала болсақ та әуелі масақтан бастады. Содан кейін бар жұмыстың бәрін үлкендермен бірдей атқардық. Күн деген жоқпыз, түн деген жоқпыз. Әр уақытта колхоздың жұмысында болдық.

Жеңістің 79-шы көктеміне орай жергілікті өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, жаппай мерекеге ұласты.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу