Шымкент қаласында 1 млн 200 мың түп қызғалдақ егілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында 1 млн 200 мың түп қызғалдақ егілді

31.03.2025

Күн жылынып, көктем келісімен Шымкент қаласы жылдағыдай әсем келбетке енді. Орталық көшелер мен саябақтар, демалыс орындарына 1 млн 200 мың түп қызғалдақ егіліп, шаһар қызылды жасылды алуан түрлі гүлмен көмкерілді.

Көкорай көктемнің, көрікті тіршіліктің жаршысындай болған жауқазын гүлдер қазір қып-қызыл шоқтай боп, төңіректі құлпыртып тұр. Түрлі түсті қызғалдақтар биыл әуежайдан бастап, теміржол вокзалы, даңғылдар мен әкімшілік іскерлік орталығы маңынан көптеп егілді. Қала көшелері мен алаңдарды бірыңғай гүлдермен әсемдеу зор талғаммен жасалғаны көрініп-ақ тұр.

Балнұр Асқарова, қала тұрғыны:

Көктемнің жаңарғанының белгісі, құлпырғанына өзінің сұлулығымен астаса түсетін секілді. Гүлзар бақтарға ерекше көрініс беріп тұрғаны әрине қала тұрғындарын үшін үлкен қуаныш сыйлайды.

Қызғалдақтар биыл 40 мың шаршы метр аумаққа егілді. Айналаны қызыл кілем төсегендей әсем кейіпке бөлейтін гүлдер мерзімі жетіп, сола бастаған тұста олардың орнына жыл бойына жапырақ жайып тұратын гүлдер отырғызымақ.

Жарылқасын Мәшбек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Ол жерде бізде оншақты түрі бар. Шырайгүл дейді. Тағы да 220 мың шамасында қала көшелеріне раушан гүлдерін отырғыздық. Көше қиылысының барлығы ағылшы, француз раушан гүлдеріне толатын болады.

Қызғалдық жастықтың, махаббат пен берік достықтың белгісі. Дүние жүзі голланд қызғалдағы атап кеткен Грейг тұқымының отаны – Қазақстанның оңтүстігі екені қазір көпке мәлім. Сондай-ақ қызғалдық бүгінде Шымкент қаласының символы және логотипі саналады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу