Президент соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті

08.05.2024

Биыл жарты әлемді жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 79 жыл. Зұлматты жылдары қазақстандықтар фашизммен күрес жолында жанқиярлық танытып, жеңіске үлкен үлес қосты. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батыр бабалар рухына тағзым етіп, елордадағы «Отан Ана» монументіне гүл қою рәсіміне қатысты.

Мәңгілік алау, сап түзеген сарбаздар. Бүгін Астана көгі шайдай ашық. Осы бейбіт аспанның астында ұрпақтары алаңсыз өмір сүру үшін қырқыншы жылдары мыңдаған боздақ майдан даласында қан төкті. Олардың жанқиярлық ерлігі еш ұмытылмайды. Президент мемориал етегіне алқызыл гүл шоқтарын қойды.

Қазір еліміз бойынша сол қасіретті көзімен көрген 148 ардагер ортамызда. Сондай-ақ жеңіске жетуге үлес қосқан 50 мыңнан астам қарияның көзі тірі. Жалпы, екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1,2 млн адам аттанды. Бұл сол кездегі халықтың алтыдан бір бөлігі. Тарихшылар дерегінше, 410 мың отандасымыз от арасынан оралған жоқ. Жиналғандар боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекеттік Әнұран орындалды. Құрмет қарауылының ротасы салтанатты сап түзеді. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған жұртшылықпен әңгімелесіп, ардагерлерді жеңіс күнімен құттықтады.

Соғыс жылдары қазақстандық жауынгерлер ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 500 солдат пен офицер Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Оның 97-сі – қазақ. Адамзат тарихындағы сұм соғыста өрлік, қайсарлық пен өжеттіктің үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың ерлік ісі – кейінгіге үлгі. Даңқты ерлікке мәңгілік құрмет.

Бақытжан Ертаев, Халық қаһарманы:
9 мамырдың тарихы өзгеше. Себебі бүкіл әлемге бейбітшілік орнады. Оның төрінде біздің батыр бабаларымыз С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов, Б.Момышұлы, аналарымыз Мәншүк пен Әлия тұр. Біз сол батыр бабаларымызбен мақтанамыз.
Бахаргүл Төлеген, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
Ер есімі – ел есінде. Батырларымыздың осынау Отан қорғаған ерлі істері мәңгі есімізде. Сондықтан батырларымызды еске алу, тағзым ету борышымыз.
Ерік Жолжақсынов, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:
Жалпы қазір қаншалықты ардагерлеріміз қалды. Осы кісілердің қанмен, термен келген жеңісімізді мадақтауымыз керек. Бұл біздің негізгі парызымыз. Себебі болашақ ұрпақ білмей тарихты ертеңгі күнді болжау қиын.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Отан-Ана монументі бұл отын өшірмеген ержүрек аталарымыз бен шаңырақты шайқалтпаған аналарымыздың қадірі мен қасиетіне қойылған белгі. Сонымен қатар соғыс зардабының қандай болатынын естен шығармау керектігін бейнелейтін ескерткіш. 9 мамыр жауды тізе бүктірген жеңіс күні ғана емес, жалпыхалықтық еске алу, батыр бабалардың ерлігіне бас ию күні.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу