Жамбыл облысы: Ауыл тұрғындары кілем тоқып, құлпынай баптап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысы: Ауыл тұрғындары кілем тоқып, құлпынай баптап отыр

07.05.2024

Жамбылдың жігіттері кілем тоқып, құлпынай егеді. Қолөнерді қолға алған Әлімжанның тоқыма өнері ерекше кейіпкерлерімен есте қалады. Ол өз туындыларының бетінде ертегілер мен мультфильм персонаждарын сөйлеткен. Ал 23 жастағы Әлижан аядай ауласында құлпынай өсіреді. Еңбекқор ер азаматтармен Данияр Әлімқұл тілдесіп қайтқан еді.

Бектөбе ауылының тұрғыны Әлімжан Алхан заңгер болғанымен кілем тоқуды жаны сүйеді. Бұрындары әжелерінің әдіптеп кілем тігіп, киіз басқаны көз алдында. Ескіде қалып бара жатқан қолөнерге қайта қан жүгірткім келді дейді. Сөйтіп бір жыл бұрын заманауи тафтинг стилінде кілемшелер тігуді меңгереді. Бизнес жоспары үшін 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант ұтқан.

Әлімжан Алхан, жеке кәсіпкер:
Қазіргі уақытта сол тоқыма өнерінен біздің халық алшақтап бара жатыр. Бізден сол кетіп бара жатыр. Осы өзімнің жүзеге асырып жатқан іс-әрекетіммен тоқыма өнерін жандандырып, қайтадан халыққа паш еткім келеді. 

Ал Ерназар ауылының 23 жастағы тұрғыны Әлижан Әжіхат бақшасының бір бөлігін жылыжайға айналдырған. 1 соттық жерге құлпынайдың 2 мың түп италиялық клерий тұқымын жерсіндірген. Жас бағбанның 3 ай бұрын еккен көшеттері жеміс беріп, жайқалып тұр.

Әлижан Әжіхат, жеке кәсіпкер:
Өзінің беретін дәрумендерін уақытылы беріп,уақытылы суғарып қарап тұрса өнімді жақсы алуға болады.

Жас бағбан алдағы жылы жылыжай санын арттырып, банан мен лимон өсірмек. Кәсібін кеңейту үшін қаржылай қолдау болғанын қалайды. Жауаптылар бұл бағытта несие алуға болатынын айтты.

Асқар Жанқоразов, Жамбыл аудандық мансап орталығының бөлім басшысы:
2,5 пайызбен «Ауыл аманаты» бойынша несие берілейін деп жатыр. Соған бизнесін алып ұсынуға болады. 

Жамбыл ауданындағы жауаптылар былтыр 114 тұрғынға жаңа бизнес жоспары үшін қайтарымсыз грант берген. Бұл жоба биыл да жалғасын таппақ.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу