Құлсарылықтардың шығыны екі аптадан соң өтеле бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарылықтардың шығыны екі аптадан соң өтеле бастайды

03.05.2024

Тасқыннан зардап шеккен Құлсарылықтардың шығыны екі аптадан кейін өтеле бастайды. Қазір мамандар су басқан 3000 мыңға жуық нысанның үштен біріне техникалық бақылау жасап үлгерді. Қала түгел тазаланып жатыр. 

Тасқын салдарынан Құлсарыда 10-ға жуық ықшам аудан суда қалды. 200-ге жуық кәсіпкерлік нысан, 15 әкімшілік, әлеуметтік ғимарат бүлінді. 400-ге жуық мал жоғалды. Халықтың ауызбірлігінің арқасында 24 ықшам аудан тілсіз жаудан аман қалды.Тасқыннан кейінгі шығынды есептеу үшін 2 мекеме жұмылдырылды. Қазір 12 бригада бүлінген нысандарды зерделеп жатыр. Тұрғындар шығын мұқият есептеліп, әділ өтелсе дейді.

Алтынбек Есқалиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

Үй алып береміз десе де, квадрат метрімен есептеп берсе де, салып берем десе де , барлық жағынан да әділдік болуы керек. Қай тараптан болса да...

Нұртүскен Дүйсенбекова  Құлсары қаласының тұрғыны:   

Орден красного знамени берген әкемнің фотосына дейін кетіп қалып тұр. Медальдары мен фотоларын шығарып аламын. Маған мына дүниеден гөрі әкемнің дүниесі қымбат.

Айналасы екі аптада 762 үйге техникалық сараптама жүргізіліп, 922 нысан бағаланды. Қазір мамандар төртінші ауыл мен Автожолшылар ықшам ауданындағы баспаналарды тексеріп жатыр. Техникалық бақылаушылар, үйлердің жағдайы мәз емес деп отыр. Шатырға дейін жеткен су – құрылыс материалын жарамсыз еткен.

Еркін Өмірғалиев, Техникалық бақылау маманы:

Бәріне, үйдің жағдайына, фундаменттен бастап, қабырғаларын, ішкі ремонттарын, полдарын қарап жатырмыз. Көбінесе бәрінде трещина, отырып қалған, стяшкалары отырған, стеналарында жарықтар пайда болған.

Жандос Темірғали,  Тілші:

Шығынды есептеуден бөлек, қазір Құлсарыны қарғын судан тазалау қарқынды жүріп жатыр. Жұмыс әлі көп. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің мамандары екі ауысыммен бел жазбай, күн-түн демей осы учаскенің басында жұмыс істеп жатыр. Мәселен, мына құрылғы арқылы секундына 500 литр суды соруға мүмкіндік бар. Әуелі қарғын су мына сайға жиналады. Кейін, анау құрылғы арқылы қаланың сыртына шығарылады. Бүгінге дейін 3 млн текше метрден астам қарғын су қала сыртына шығарылды.

Ешкім назардан тыс қалмайды. Шығын толық өтеледі. Бұл жергілікті биліктің құлсарылықтарға берген уәдесі. Қазірдің өзінде 3700-ге жуық адамға жалпы сомасы 1 млрд 350 млн теңгеден астам бір реттік әлеуметтік көмек берілді.

Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

Келтірілген шығындар толық көлемде өтелетін болады. Ешкім назардан тыс қалмайды. Үйдің көлеміне де қарамастан, басқа да параметрге қарамастан да барлық сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тек қана тұрғын үйлерге қатысты емес, сонымен бірге бізде 200-ден астам әртүрлі кәсіпкерлік нысандары да зардап шеккен болатын.

Экономистердің пікірінше, өтемақыны тұрғындардың қолына беру қателік. Оданда шығынды өтеу бойынша мемлекет ұсынған тәсілді қолданған жөн. Яғни, тасқын салдарынан үйсіз қалғандарға не баспана салып беру керек, я болмаса таңдаған үйін сатып әперу қажет. Әйтпеген жағдайда көптеген отбасы үйсіз қалып, көше кезіп кетуі ықтимал дейді мамандар.

Олжас Құдайбергенов, Экономист:

Кейбіреулер ақшаны қолымызға берсін деп дәм етіп отыр. Бірақ, бұл дұрыс емес. Өйткені көбінің кредиті бар немесе басқа бір шығын бар. Олар ойлайтын шығар қазір мен жалдамалы пәтерде немесе туысқандарыма бара тұрам деп. Ал, мына берген ақшаны тез арада керек болатын шығындарды өтей тұрамын деп. Бірақ, артынан сұрақ туындайды – бұл жанұялар қайда тұрады деген.)

Шығынды есептеп жатқан мамандарда екі апта уақыт бар. Кейін, бағалау комиссиясы шығынды өтеу тетіктерін айқындап, тұрғындарға жариялайды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу