Тасқыннан қираған елдімекендер 5 айда қалпына келтірілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан қираған елдімекендер 5 айда қалпына келтірілмек

25.04.2024

Елімізде тасқынға байланысты кейбір ауылдар басқа жаққа көшіріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айтты. Биылғы кезекті сессияның «Бірлік.Жасампаздық. Өрлеу» деп аталуы бекер емес. Мемлекет басшысы тасқынға қарсы тұрып, қиын қыстау сәтте бірлік танытқан жұртқа алғыс айтты. Ендігі міндет қираған ауылдар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру. Бұл ретте жұмысты созбалаңға салуға болмайды деді президент. Жұмыс 5 айда аяқталуы керек. Жалпы су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ, жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. «Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі» - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін.

ҚХА ХХХІІІ сессиясы өтті

Сондай-ақ сессияда президент осындай қиын қыстау кезде бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтау - басты міндет деді. Ал ел ішіне іріткі салуды көздейтін кез-келген әрекетке дереу тосқауыл қойылуы тиіс. Өйткені татулығымызға көз алартқан арандатушылар арам пиғылын іске асырғысы келеді. Бұл ретте Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Президент түрлі сепаратистік және ұлт аралық араздықтың алдын алу ісін жетілдіре түсу қажет деді. Қазір бұл жұмыстар Түркістан, Жамбыл облыстарында сәтті іске асып жатыр.Ондағы тәжірибені өзге де аймаққа енгізу қажеттігі сөз болды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту қажеттігі айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше бұл ретте этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыру керек. Бұдан бөлек, президент Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды Ассамблеяның іске асыруы маңызды екенін атап өтті. Жиын соңында мемлекеттік тілді дамытып, елдің бірлігін арттырып жүрген жандарға наградалар табыстады.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу