Атыраулықтар Қостанай халқына арналған гуманитарлық көмектің алғашқы легін жөнелтті. Өңір халқы игі іске белсенділік танытып жатыр.
Әзірге өңірде жылу жинайтын 3 пункт ашылды. Арнайы штаб құрылды. Сонымен қатар волонтерлік топ жасақталды. Тұрғындар мен кәсіпкерлер кеше таңнан бері белсенділік танытып жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға түнде бас-аяғы 30 тонна гуманитарлық көмек 10 жүк көлігіне тиеліп, жіберілді. Амандық болса батыстан шыққан қайырымдылық керуені діттеген жерге бүгін жетуі тиіс.
Қаршыға Жауынбаев, қалалық мәслихат депутаты:
Халық та, бүкіл кәсіпкерлер де өз нәпақасынан бөліп қостанайлықтарға көмектесіп жатыр. Әлде де көмектесеміз. Қазақтар әрқашан да бір-бірімізге көмектескен халықпыз ғой. Ауызбіршілікте болайық.
Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды. Тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты да ашылды. Белсенділер бір-екі күнде тағы 20 жүк көлігі жолға шығады деп отыр. Мешіттерде де өз алдына бөлек пункт ашылған. Қазір 7 аудандық мешіт пен қаладағы 3 Алла үйі тұрғындардан жылу қабылдап жатыр.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Атыраудан Қостанай облысына 30 тонна жүк жіберілді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/163047/)