68 жастағы әлем чемпионының шәкірттері топ жарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

68 жастағы әлем чемпионының шәкірттері топ жарып жүр

14.05.2024

Гір тасын көтеруден 6 дүркін әлем чемпионы Жұмағали Зұлғарин шәкірт тәрбиелеп жүр. Жасы 70-ке тақаған астаналық қариямен тілшіміз Аида Ахметбек кездесіп, чемпион болудың құпиясын сұрады.

Елордалық Жұмағали Зұлғариннің бұл спортпен айналысып жүргеніне 40 жылдан асқан. Салауатты өмір салтын жеңіл атлетикадан бастаған қария, уақыт өте спорттың ауыр түріне көшкен. Қазір гір көтеруден 6 дүркін Әлем чемпионы. 65-69 жастағы спортшылар арасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүр.

Жұмағали Зұлғарин, Гір спортынан алты дүркін Әлем чемпионы:

Гимнастикадан бастадым, бала кезден, солай штангымен айналыстым, жеңіл атликамен шұғылдандым. 6 рет Әлем чемпионы болдым. 2 рет Азия чемпионы болдым. 12 рет қазақстан чемпионы болдым. 2021 жылы наурыз айында Петропавлда 120 кг көтердім. Сол рекорд тұр әлі.

Жұмағали Зұлғарин - аптаның үш тәулігін жаттығуға арнайды. Арасында жастардың аяқ алысын байқап көру мақсатында олармен білек күшін сынасады.

Жұмағали Зұлғарин, Гір спортынан алты дүркін Әлем чемпионы:

Жаттығуды аптасына үш рет істеймін. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күні. Майлы тамақ жемеймін. Біздікі көбіне қарақұмық. 3 мезгіл салат жеймін. Бешбармак жемеймін. Ауыр тамақ. Тек қонаққа барғанда жеймін.

Кейіпкеріміз шәкірт тәрбиелеумен де айналысады. Олардың басым бөлігі спорт шебері атанған. Тіпті арасында гір көтеруден жеңімпаздар да бар.

Темірғали Қарағожин, Жұмағали Зұлғариннің шәкірті:

Меңгеру үшін біраз жылдар керек деген сияқты. Соны ақырын меңгеріп жатырмыз. Чемпионаттарға бардық. Қазақстан және Азия чемпионатына. Қазақстаннан қола, Азиядан күміс алдым. Бірге жүреміз жарыстарда. Осы кісіге ұқсайық деп бастап кеттік.

Кейіпкеріміз 100-ге жуық медаль иеленген және олардың қатарын тағы бірнеше халықаралық жүлдемен толықтыруға дайын.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу