LRT биыл бітпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

LRT биыл бітпейді

06.05.2024

ЛРТ биыл бітпейді. Жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылдың соңына дейін жалғасуы мүмкін. Сонда халық жер үсті метросының пайдасын қашан көреді? Әріптесім Асылбек Данияр анықтауға тырысты.

Асылбек Данияр, тілші:

Бұл 13 жылдық тарихы бар LRT. 2011 жылы іргетасы қаланған жерүсті метросы жолының қазіргі күйі осы. Президент айтқандай, «Жемқорлықтың иісі аңқып тұрған жобаның» бүгін-ертең бітетін түрі жоқ. Жұмыс қыстыгүні саябырсыған еді. Көктем келіп енді күн жылынған соң құрылыс басында қыдыр-жыбыр басталды.

Астанадағы әуежай мен «Нұрлы жол» темір жол вокзалын жалғайтын жеңіл рельсті жолдың жалпы ұзындығы 22 шақырым. Құрылысшылар қазір Сығанақ даңғылы бойында монтаждау жұмыстарын жүргізіп, бетон бағандардың үстіне жол салып жатыр. Қазірге дейін 8 шақырым жол біткен. Компания басқарушы директорының айтуынша, биыл жоба толық бітпейді. Тек бетонды жұмыстарды аяқтау жоспарланған.

Нұржан Беков, «City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры:

Алдында бізде 2 кешен ретінде іске асырылу жоспары болған. Қазіргі уақытта біріктірдік, яғни бірінші кешенде бізде 8 ғана бекет, екінші кешенде 10 бекет болған. Соны қазір бәрін біріктіріп бір уақытта тапсыруды көздеп отырмыз. Барлық жұмысты 2025 жылдың қорытындысы ретінде көздеп отырмыз. Содан кейін ол жерде көптеген автоматтандырылған жүйелер бар соларды настройка, адаптация дегендер бар, солардың уақыты біткенен кейін пайдалануға тапсыралады. 2026 жыл жолаушыларды тасмалдауға беріледі.

Құрылыстың созылуы Астананың әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді, - дейді экономист Сапарбек Жұбаев. Мұндай метро құрылысын қала халқының саны миллионға жеткенге дейін жоспарлап, көпке созбай аяқтау керегін айтты.

Сапарбек Жұбаев, экономист:

Жүйе қосылғанда біздің халықтың әлеуметі, халықты жағдайы жақсарар еді. Бәрібір оған субсияда беретін қаланың бюджетінде мүмкіндік бар. Автобустарға да біз өте көп субсияда беріп жатырмыз, соның біраз бөлігін ыңғайлы транспорт жүйесі деп ЛРТ-ға да берер едік. Неге біз ЛРТ-ға қызығып жатырмыз. Өйткені, ол экологиялық транспорт.

Елорда тұрғындары да құрылыстың тезірек аяқталғанын қалайды.

Құрылысты аяқтау үшін әлі 1 миллиард 200 миллион доллар қажет. «Қаржыны Үкімет кезең-кезеңімен бөліп жатыр», - деді «CTS» компаниясының өкілдері. Хош, жоба аяқталды делік. Одан соң тағы бір мәселе пайда болады. Ол – жолақы. Экономистердің пікірінше, жолақысы халықаралық тәжірибеге сай қоғамдық көлікпен бірдей болу керек.

Асылбек Данияр, тілші:

Көлік кептелісін азайту мақсатында салынып жатқан LRT негізі 2017 жылы аяқталуы керек болатын. Дегенмен, бірқатар мәселе болып 2026 жылға дейін созылды. Жауапты компания өкілдерінің сөзінше, тағы 2 жылдан кейін елордалықтардың арманы орындалып қалуы бек мүмкін.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу