Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстан

05.05.2024

«Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек...

Ауылдың желке тұсына жеткенде, жолымыздағы көлденең тұрған жалғыз түп үлкен алып алма ағашты айналып өтеміз. Ірі ақ алмалары жерге түсіп төгіліп жатады. Бірақ біз оған жолай алмаймыз». Қай шығармадан үзінді екенін бірден білдіңіз ғой – әрине, Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» повесінен. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезін сипаттайтын шығарма аз емес. Дегенмен әркімнің басымдық беретін дүниесі бар. Мен үшін үздігі - «Жабайы алма». Соғыстың зұлмат екені түсінікті. Ал сол зұлмат кезінде адамдардың ауыспалы мағынасындағы «ішек-қарны» қалай ақтарылады? Қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапқан, осы? Бұл бір. Екіншіден, соғыс кезіндегі Қазақ республикасының рөлі туралы тарих не дейді? Қазір «Қазақстан тарихы» тұтас қайта жазылып жатқанын білеміз. 1939-1945 жылдарға орай тың деректер шықты ма екен деп, еңбектеніп жатқан 200 автордың үйлестірушілеріне хабарласқанда, әлі пікірталас көп, дәл қазір ешнәрсе айта алмаймыз деді. Көп томдық жыл соңында жарыққа шығады екен. 

Дегенмен әдебиет пен тарихтың өрілген тұстарына Данияр Қайыртай шолу жасап көрді. Таным үшін де, танитыныңды қайта жаңғырту үшін де керек материал. 

 Айтмағамбет Омаров, тыл ардагері

Біз бала болсақ та мал-жанды, ауылды ойладық

 Бүгінде тоқсанға келген тыл ардагері Айтмағамбет ақсақал балалық шағын ұрлаған сұрапыл жылдары колхоздағы еңбегін осылай әңгімелей жөнелді.

Айтмағамбет Омаров, тыл ардагері

Өгіздің үстіне таңертең 8-де мінгеннен түске дейін отырамын. Шөп шабамыз. Малдарды 1-2 сағат доғарып, шалғыны жанып, малды жемдеп, қайтадан түстен кейін жегеміз, енді түн батқанша шөп шауып бітеміз.

 «Балалық шақтан әсіресе мықтап жадымда қалғаны: көктемге қарайғы апам мен Нәзира әпкемнің жұмыстан шаршап титықтап қайтқан кейіптері. Күн ұзын соқамен жер жыртып, қара суықта өңдері қап-қара боп тотығып, шаң-топыраққа батып, әбден қалжырап қайтатын».Сайын Мұратбеков «Жабайы алма» повесінде соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, ауыр тұрмысты бала көзімен, әйелдер образы арқылы осылай сипаттап береді. Бұл – қазақ ауылдарының бәріне тән типтік жағдай еді.

 Дархан Асқарұлы, тарихшы. докторант:

Кез келген әдеби шығарма, сол кезеңге қатысты, қырда не дала басында мал бағып, егін жыртып, соқаның басында жүрген немесе кемпірді, жас әйелді немесе жас баланың бейнесінен басталады. Ол жай ғана образ емес, ол тарихқа сілтеме береді. Неге оны ер адам жыртып жүрген жоқ, неге ауыр жұмыста ер азаматтар жоқ? Себебі ауылда жұмыс жасайтын адам қалмады деген сөз.

Саят Баймұратұлы, тарихшы:

Он оқтың 9-ы Қазақстаннан шықты деп айтамыз. Үлкен-үлкен зауыттар келді. Оның барлығының басына кішкентай балалар мен әйелдер тұрды. Ауыл шаруашылығы. Мысалы, біз соғысқа 6 млн тонна бидай жібердік. Оны кім орды, кім екті? Осының барлығы негізінен әйелдердің мойнына түскен жүк болатын.

Нұрсұлтан Сәрсенбеков, Философ, Ә.Сағынов ат. Қарағанды политехникалық университетінің аға оқытушысы:

Тылдағы қызмет етушілер, ұлы жеңіске жетудегі майдан даласындағы жауынгер, батырлардан кем қызмет еткен жоқ. Өйткені металл өндіру, көмір жеткізу, киім-кешек, ас-ауқат қамтамасыз етуде олар шешуші рөл атқарды.

Біздің кейіпкеріміз Айтмағамбет Омаровтың шешесі де ерін майданға аттандырып, тұрмыстың ауыртпалығын мойнына алған көркем әдебиеттегі сондай кейіпкерлердің біріндей еді.

Айтмағамбет Омаров, Тыл ардагері:

Шешеміз 5 бала бағып жүріп, сиыр сауады. Оның боғын төгеді, оны күзетеді, оны суарады, оған шөп әкеледі. Пар сиырды жегіп, шөп тасиды. Дойкадан кейін күніне бір рейс әкеледі. Сеновалға төгеді.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Ауылда қалған әйелдердің, балалардың тылдағы жанкешті еңбегі суреттелетін көркем шығарма аз емес. Шерхан Мұртаза ол жөнінде «Мылтықсыз майдан» деген атпен роман жазған. Рас, «тыл да майдан» еді. Бұл тұжырымды да әдебиеттен алып отырмыз. Ілияс Есенберлиннің «Алтын құс» атты романында майданда жүрген бас кейіпкер Сабырдың сүйгенін Әлжан дейтін шахта бастығы өзіне қаратып алады. Бұл да адамдар қарым-қатынасындағы сол кезеңдегі типтік құбылыс еді, оған мысал көп. Кейін Сабыр жараланып, госпитальда жатқанында ғой, Әлжанның жаны ашығансып айтатыны: «Мүмкін денсаулығың көтерсе әзірше шахтада жұмыс істей тұрарсың. Қазір тыл да майдан ғой. Кен беретін күш бізде жеткіліксіз. Өзің білесің, неміске атылып жатқан оқтың оннан тоғызы Қазақстан қорғасыны мен мысынан құйылады». Соңғы сөйлемде жазушы біздің елдің фашистерді жеңуге қосқан тағы бір тарихи үлесіне сілтеме жасай кетеді.

Саят Баймұратұлы, Тарихшы:

Сталининградта соғыс болып жатқанда, бұрын мырыш Кавказдан келетін болған, Сталининград дәл Қара теңіз бен осы Кавказдың жолында тұрғасын бұл жақтан өтпей қалады. Сол кезде Қ.Сәтбаев Жезқазғаннан мырыш кенін табады-дағы, ал мырышты бронетехниканы тесуге пайдаланған, сондықтан негізгі процент Қазақстаннан кеткен болатын. Оққа пайдаланатын құрам бізден шыққан.

Ал негізгі үлесіміз – жаудың күшін жайратуға жіберген адами ресурсымыз екені даусыз.

Дархан Асқарұлы, Тарихшы, Докторант:

Соғыс қарсаңында Қазақстандағы жалпы халық саны 6 млн шамасында болды делінеді. Оның ішінде қазағы да бар, өзге ұлт өкілдері де бар. Сол 6 млн-ның 1,2 млн астамы соғысқа аттанған. Егер статистика жағынан қарасақ, бүкіл әлеммен соғысып жатқан Германия өзінің халқының 12-ақ пайызын мобилизациялаған екен. Ал ҚазақССР-і 24 пайыз халқын мобилизациялап жіберген.

Қазақ жауынгерлері соғыста жан алысып, жан берісіп жатқанда ауылдардағы мораль-психологиялық ахуал да қиын еді. Ғалымдар мұның себебін соғыстан ғана іздемейді.

Үмбетқан Сәрсембин, Философ, Қ.Жұбанов атындағы ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Бұл кездегі халық оның алдындағы көптеген қиындықтарды көрді. 1928 ж бастап кәмпеске, байлардың мал-мүлкін тартып алды. Одан кейін көтеріліс болды. Бір ғана Қазақстанның өзінде 372 көтеріліс болды. Одан кейін ашаршылық болды.

Саят Баймұратұлы, Тарихшы:

1937-38 репрессиядан шықтық, яғни халық 1941 кірді деген уақытта халықтың әлі үрейі тарқамаған кезең. Бұл уақытта үміт те жоқ емес. Ары қарай ел болып кетеміз деген үміт. Біз халық ретінде өзімізді сақтап қаламыз деген үміт.

Нұрсұлтан Сәрсенбеков, Философ, Ә.Сағынов ат. Қарағанды политехникалық университетінің аға оқытушысы:

Мұндай қиын жағдайда адам екі түрлі шекараның ортасында қалады. Бұны философияда шекаралық ахуал дейді. Яғни өмір мен өлімнің ортасында қалу. Бір жағынан қорқыныш бар, тіршілік үшін арпалыс, өмір үшін күрес, екіншіден – үміт.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Ал үміт, соғыс кезінде, әрқилы. Елдік үміт-тілек бар. Майдандағы солдаттың іштей үміт-мұраты бір басқа. Елде қалған адамның ұлы арманы және бөлек. Соның бірін Мырзабек Дүйсенов «Үміт» атты повесіне арқау еткен. Ол – соғысқа кеткен ұлынан хат-хабар үзілген қарт ананың үміті.

Нұрдәулет Ақыш, жазушы, әдебиеттанушы:

Сөйтсе хабар келеді, бір атты шауып келе жатыр дейді. Атты шауып келе жатқанда жұрттың бәрі қорқады, суыт хабар әкеледі, жаманат әкеледі, жұрттар үрейлене қалады. Жақындап келе жатқан ат үстіндегі жігіт «Сүйінші!» деп айқайлайды. Сөйтсе, жаңағы кемпірдің баласы тірі деген хабар келген екен. «А-а-а, шын ба?!» деп кемпір талып құлайды да, жүрегі жарылып өледі, қуаныштан.

Дархан Асқарұлы, тарихшы, докторант:

Мысалы, Қасым Қайсеновтің бәйбішесі, Асыл апамыздың «Қаһарман» деген кітапта естеліктері бар. Сонда айтады, соғыс басталған кезде немере қайным сіңлім Алтын деген келіншек, күйеуі соғысқа кетіп, кейін бір уақытта қаралы хабар келеді дейді. Соғыста опат болды деген. Сол хабар келгеннен кейін жаңағы Алтын әжеміз мен жарым опат болса, онсыз өмір сүре алмаймын деп йод ішіп, өмірімен қоштасқан дейді.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Елде қалған әйелдердің жай-күйі Зейтін Ақышевтің «Жесірлер» атты романында өзгеше өрнектеледі. Бір үйдің үш баласы соғысқа кеткенде олардың үйіне де, жұмысына да келіншектері ие болып қалады. Ұрқия – колхоз бастығы, Жаңыл – мектеп директоры, ал Мақпал тракторшы атанады.

Нұрдәулет Ақыш, жазушы, әдебиеттанушы:

Міне, осындай үш түрлі келін, үш түрлі жағдай. Сондай кезде Жаңыл деген келіні кішкене жеңілтектік көрсетеді де күйеуі хабарсыз кетті деген хабарды алғаннан кейін басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Енді не болар екен, бітті ғой деп отырғанда оқырманды өкіндіретін жағдай алдынан шығады. Хабарсыз кетті деген Талғат елге оралады. Келіншегі басқа адамға шығып кеткен. Мұндай оқиғалар ҰОС кезінде тылда көп кездескен. Жазушы осыны суреттейді.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Бір-бір үйдің азаматы, әр ауылдың баскөтерерлері соғыста жүргенде ел ішінде еркін билік құрған оспадар коммунистердің кей әрекеттері де жазушыларға тақырып болған. Айталық, Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романына. Ағасын майданға әкеткен соң үй-ішінің ауыртпалығы бас кейіпкер Еркінге жүктеледі. Онсыз да таршылықтан психологиялық езгіде жүрген Еркін ауылдағы әділетсіздікке төзбейді.

Нұрдәулет Ақыш, Жазушы, Әдебиеттанушы:

Колхоздың председателі Нұралы деген кісі осы Еркінге және оның айналасындағы адамдарға қиянат жасап жүреді. Нұралымен келіспей қалып отырады, соның салдарынан «мынау бір тентек бала екен, бізге қарсы шыға береді» деп оны ФЗО-ға оқуға жібереді. Елге сотталып барып оралады. Колхоз бастығымен келіспей, оны ұрып жібереді, сөйтіп тағы да сотталады. Нұралы сияқты кісінің, колхоз бастығының әділетсіздігі типтік оқиға сол замандағы.

Саят Баймұратұлы, Тарихшы:

Халықтың тұрмыс-тіршілігі өте төмен болды. Ал енді басшылық кімдер еді? Олар қып-қызыл большевиктер еді. Олар ұр да жық, көбі білімсіз адамдар. Қолында билік болғаннан кейін олардың жағдайы сәл болса да жоғары болады. Себебі жүйе сондай. Сол ауылдың «сталиндері» болуы да мүмкін.

Өзі де азып-тозып отырған қазақ ауылына өзге ұлт өкілдерін күштеп көшіру науқаны тағы бір соққы болады.

Дархан Асқарұлы, тарихшы, докторант:

Кавказдан, қалмақ жерінен, еділ бойынан немістерді, поляктарды, шешен, ингуш, қарашай-балқарлардыдепортациялап әкелді. Біздің елде оларға алдын ала жағдай жасалмағандықтан адам күтіп алатын жағдай болған жоқ елде. Өздері құрып кету алдында отырған қазақ ата-әжелеріміз соларға соңғы нанын бөлісіп, өздері тоқал тамда тұрса, 1-2 бөлмелі, соның бір бұрышына депортацияланған адамдарды көшіріп әкеліп, аман алып қалған.

Данияр Қайыртай, Тілші:

«...бір күні түстіктен лекілдеп жылы жел соғып берсін... Леки соққан бір күннің ішінде-ақ сіресіп жатқан қарды тоз-тоз етіп сөгіп, ... сілікпесін шығарды. ...Үлкендердің айтуынша, бұл молшылық болар жылы соғатын ескек желі еді. Ой, дүние-ай, сөйтіп, көктемге де жеттік-ау! Бұл — зарыға күткен жеңіс көктемі еді!». Автор «Жабайы алманы» осылай түйіндейді. Соғыстан соң қазақ қоғамында «жылы жел» есе бастағанын тарихшылар да айтады.

Саят Баймұратұлы, Тарихшы:

Соғыстан жеңіп кеткеннен кейін тіпті, ғалымдар жазады, + шаруалар колхоздардың құлайтынын армандады, интеллигенция репрессиялардың, қыспақтың құлайды деп сенді, ал мемлекет қайраткерлері тіпті біз тәуелсіздік алып кетеміз деген мәселе болды.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу